Қазақстанның жолдарында көлік құралдарының салмағы мен сыртқы көлемін өлшеу автоматтандырылған стансалар арқылы жүзеге асыру көзделген.
Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Парламент Сенатының жалпы отырысында айтты.
Сенат отырысында депутаттардың назарына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші және екінші оқылымда ұсынылды. Бұл заң жобасы жолдардағы көліктерді бақылауды автоматтандыруға, теңіз көлігі саласындағы халықаралық шарттардың нормаларын іске асыруға, теміржол көлігіндегі оқиғаларды және кемелердің қатысуымен орын алатын жағдайларды тергеуді жетілдіруге, сондай-ақ еліміздің аталған бағыттағы заңнамасын Халықаралық азаматтық авиация ұйымы мен Еуропалық одақтың авиациялық талаптарымен сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
«Автокөлікпен жүктерді тасымалдаудың жоғары қарқындылығы жол жабынының уақытынан бұрын бұзылуын алдын алу жөніндегі түбегейлі шараларды қабылдауды талап етеді. Осыған байланысты жолдарда көлік құралдарының салмағын, сондай-ақ олардың көлемін өлшейтін автоматтандырылған стансаларды орнату жоспарланып отыр. Заң жобасында өлшеу стансаларын орнату және олардың жұмыс істеу тәртібін айқындайтын нормалар қарастырылған. Бұл орайда аталған стансалар «Сергек» бейнебақылау жүйесінің қағидатына сәйкес, яғни адамның қатысуынсыз жұмыс істейтінін айта кету керек», деді Қ.Өскенбаев.
Бұл шараларды іске асыру автожолдардың сапасын ұзақ сақтауға, сонымен бірге жолдардағы бақылау процесіндегі адами факторды болдырмауға септеседі.
Бірқатар түзету теміржол, өзен және теңіз көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін күшейтуге арналған. Осыған орай заң жобасында тіркелген оқиғаларды, атап айтқанда шойын жолмен жолаушылар тасымалын іске асыратын жылжымалы құрамының соқтығысу фактілерін және Каспий теңізі аумағында қазақстандық кемелердің қатысуымен болатын апатты жағдайларды тергеп-тексеруді уәкілетті органның құзыретіне беру ұсынылған.
Азаматтық авиация саласына тоқлсақ, министрлік өкілдері ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану тәртібін реттеу жөніндегі норманы енгізуді ұсынады. Оның ішінде сертификаттау рәсімін енгізіп, қашықтан сәйкестендіруге қойылатын талаптарды белгілеу және оларды пайдалану үшін аймақтарды анықтау қамтылған.
Сондай-ақ бұл заң жобасы бойынша аэродром маңындағы аумақта қызметті жүзеге асыруды ИКАО стандарттарымен сәйкестендіріп, Жер кодексіне өзгерістер енгізу көзделген.