Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы сот үкімін орындау мақсатында Ресей Федерациясынан қылмыстық жауапкершілікке тартылған Қазақстан азаматын экстрадициялады.
Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2014 жылы Павлодар қаласында адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы аса ірі көлемде есірткі заттарын 66 келі марихуана мен 8 келі гашишті сату мақсатында тасымалдау кезінде ұсталған.
Алайда, 2015 жылы сот үкімімен ақталып шыққан. Кейін прокуратураның наразылығынан соң ақтау үкімі жойылып, сот оны 10 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кескен.
Сот үкімінен кейін ол жаза өтемей, бой тасалап кеткен. 6 жылдан астам уақыт бойы халықаралық іздеуде жүрген азамат 2024 жылдың желтоқсанында Мәскеу облысында ұсталды.
Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол экстрадицияланып, қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамалды. Енді ол өзіне тағайындалған жазасын өтеуі тиіс.