Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен қаланың инвестициялық штаб отырысы өткізілді. Қазіргі уақытта қала бойынша 524,7 миллиард теңгеге 143 жоба қаралып, сараптау жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде ірі инвестициялық жобаларды атайтын болсақ, 2023-2024 жылдар аралығында іске қосылуы жоспарланған түркиялық инвесторлардың бастамасымен сусындар зауыты, инвестициялық көлемі 5 млрд теңгені құрайтын автоклавты газдалған бетон жасау зауыты, темірбетон бұйымдарын өндіру зауыты, сутегі тотығы өндіретін зауыттарының құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілу сатысында.
Әсіресе, биыл ашылуы тиіс ішкі және сыртқы кәріз жүйелерін және ПВХ-дан жаңбыр суағарларын өндіру зауытының құрылысы 60 пайызға дайын. Автомобиль әйнегін шығару зауыты, керамикалық тақталар өндірісі, көпфункцияналды қойма кешені де қаланың экономикалық даму көрсеткішін ілгерілететін тетіктердің бірі.
Сондықтан Мұрат Дүйсенбекұлы инвесторларға мемлекет тарапынан қолдаулар кедергісіз көрсетілуі қажет екенін айтып, басқарма басшыларына жер және инфрақұрылымдық мәселелеріне қатысты тапсырмаларды жүктеді.
Айта кету керек, наурыз айында «SHYMKENT INVESTMENT – 2023» өңіраралық инвестициялық арнайы форум өткізілді. Оңтүстік өңірінің инвестициялық ахуалын жақсартуға мүмкіндік беретін іс-шараға орталық мемлекеттік органдар мен елшіліктердің, ұлттық және шетелдік компаниялардың өкілдері, сондай-ақ танымал кәсіпкерлер мен инвесторлар арнайы шақырылды.
«Елдің ірі көлік торабы ретіндегі оңтүстік «қақпасы» – Шымкент. Бүгінде қалада түрлі бағытта 700-ден астам ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейді. Орталық Азия, Таяу Шығыс елдерімен экономикалық байланыс орнатқан шекаралық аймақ мәртебесіне ие мегаполистің басым экономикалық секторларына инвестиция тарту үшін барлық жағдайлар жасалған» -деді қала әкімі.
Өңірде түрлі инвестициялық жобаларды іске асыруға экономикалық және адами ресурстар да жеткілікті. Сондықтан, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Жамбыл және Қызылорда облыстарының әлеуетті кәсіпорындарының өнімдерімен танысып, көрменің жұмысына сәттілік тіледі. Шаһар басшысы отандық өнімдерді таныту, серіктестікті нығайтуда мұндай көрмелердің маңызы зор екенін атап өтті.
Сонымен қатар, форумда кәсіпкерлеріміз тәжірибе алмасып, жаңа жобаларды жүзеге асырудың оңтайлы әдіс-тәсілдерін қарастырды. Шымкентте бүгінде 5 индустриалды аймақ 867 гектар аумақты алып жатыр. Онда 350-ге жуық жоба жүзеге асырылып, бүгінде индустриалды аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты. Сондықтан жалпы ауданы 860 гектарды құрайтын тағы 5 индустриалды аймақ салынып жатыр, – деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.