Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 5 жасар қыз баланың өлтірілгені жөніндегі қайғылы оқиға туралы мәлімет берілді. Бұл туралы Президент баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады.
Құқық қорғау органдары істі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдікті анықталды.
Қолда бар ақпарат бойынша, күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған.
“Президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды. Мемлекет басшысы биыл шығарылған сот үкімінің заңдылығын қарастыру және адамға қатысты аса қауіпті қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту маңызды деп санайды.
Баланың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз” деп жазды Руслан Желдібай Facebook парақшасында.
Еске салсақ, бұған дейін Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қыздың айуандықпен өлтірілгені туралы жаздық. Қоғам белсендісі, “Не молчи” қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрінің мәліметінше, бүлдіршін қыз зорланған.
Күдікті ретінде 1975 жылы дүниеге келген ер адам ұсталып, қамауға алынды. Ол бұған дейін адам өлтіргені үшін сотты болған. Тағы басқа қылмысы үшін пробациялық есепте тұрған.