Ақмола облысында ұрланған көлік құралдарын тіркеуді және сатуды кәсіпке айналдырған бір топ адамға сот үкімі шықты. Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, ведомствоның облыстық департаментіндегілер 2020-2021 жылдар аралығында Ресей Федерациясынан Қазақстанға заңсыз жолмен көлік құралдарын әкелген азаматтардың әрекетін әшкерелеген. Ұсталғандар алдын ала келісім бойынша іздеудегі көліктерді Ресей Федерациясының аумағында сатып алып отырған. Кейіннен оларға жалған құжаттар жасалып, соның негізінде шекарадан іс жүзінде өтпей Қазақстан аумағында тіркеген. Құжаттарды және мемлекеттік тіркеу нөмірін алған соң шекара асып, сатып келген.
Сот үкімімен үш азамат 8, 7 және 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.