ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2022 жылдың І жартыжылдығында орталық және жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының халықпен кездесулерінің қорытындылары қаралды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров баяндама жасады.
Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың азаматтармен диалогын күшейту үшін жыл сайын халықпен тұрақты кездесулер өткізуді тапсырды. Бұл шара жаңа Қазақстанды құру жолындағы басты қадам болып табылады.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі А. Омаровтың хабарлауынша, ағымдағы жылдан бастап өңірлерде орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының халықпен тікелей қарым-қатынас форматында көшпелі кездесулерін өткізудің жаңа тәртібі іске қосылды.
Мәселен, Президенттің “орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы”Жарлығы қабылданды. Мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен 2022 жылға арналған кездесулерінің кестесі қалыптастырылды. Кесте барлық орталық атқарушы органдармен келісілген және Үкіметтің тиісті қаулысымен бекітілген.
Сондай-ақ, Министрлік халықпен кездесулер өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі, бұйрықпен бекітілді және мемлекеттік органдардың назарына жеткізілді.
“ҚР АҚДМ мен орталық атқарушы органдардың жедел өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін WhatsApp мессенджерінде чат-топ құрылды. Сонымен қатар, Жарлықтың талаптарын ескере отырып, мемлекеттік органдардың халықпен өткізілген кездесулер бойынша ақпарат берудің бірыңғай нысаны әзірленді”, — деп атап өтті А.Омаров.
Маңызды мәселе – халықтан сұрақтарды алдын ала жинау, онлайн-трансляция, бақ үшін брифинг өткізу, азаматтарды жеке қабылдау, КЕҰ-мен кездесу, проблемалық мәселелер бойынша іс-қимыл жоспарын дайындау сияқты Жарлықтың талаптарын сақтау.
Талдау көрсеткендей, өткізілген кездесулер бойынша жалпы Жарлықтың талаптарын мемлекеттік органдар сақтайды.
Алайда, А. Омаров атап өткендей, мемлекеттік органдар әлеуметтік желілердегі кездесулердің онлайн-трансляцияларын және журналистерге арналған брифингтерді әрдайым өткізе бермейді. Жекелеген кездесулердің қорытындысы бойынша проблемалық мәселелер тізбесі бар іс-қимыл жоспарлары қалыптастырылмаған немесе ашық қолжетімді орналастырылмаған.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес ағымдағы жылдан бастап барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулері жаңа форматта – сахнасыз, трибуналарсыз және панельдік пікірталас қағидаты бойынша өтуде. Бұл формат әкімдерге халықпен ашық және қолжетімді қарым-қатынас жасауға мүмкіндік берді.