Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жауаптыларға шаһарда бой көтеріп жатқан конгресс-холл құрылысын мерзімінде аяқтау керектігін айтты.
Әкімдіктің мәліметінше, қала басшысы конгресс-холл құрылысы басына барып, атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалады. Қазір мұнда әрлеу, ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысқа 200-ден астам жұмысшы, 20 техника жұмылдырылған.
Конгресс-холл ғимараты 5 блоктан тұрады, 3 қабатты. Нысанда 2066 орындық көрермен залы, 190 орындық конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық баспасөз орталығы, 148 орындық асхана қарастырылған.
Заманауи талапқа сай бой көтеріп келе жатқан ғимарат жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Көпсалалы орталық ретінде іске қосылатын конгресс-холлда халықаралық конференциялар, фестивальдар мен концерттік бағдарламалар, өзге де ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Жұмыс барысын пысықтаған Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға ғимараттың талапқа сай жабдықталуын бақылап, құрылыстың сапалы атқарылуын қадағалауды тапсырды. Айта кетейік, нысан 2023 жылы пайдалануға берілетін болады.