“STOP-трафик” кезекті республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Осыған орай, құқық қорғау қызметкерлері операция барысында 39 қылмысты әшкереледі.
Нақтырақ айтар болсақ, ағза саудасының 1 фактісі; еңбекке тарту мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырудың 3 фактісі, сонымен қатар, адам саудасының 7 фактісі, жезөкшелікпен айналысуға тартудың 4 фактісі, притон ұстау және жеңгетайлықтың 24 фактісі анықталды.
Мәселен, Алматы облысының 24 жастағы тұрғыны жүктілік кезеңінің 7 айында баланы алатындарға іздеу жариялаған. Сатып алушылар азаматшаның кредитін жабуға сөз берген.
Сонымен қатар, Шымкентте тағы бір азаматша ұсталды. Ол небәрі 23 жаста.
– Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 23 жастағы жас әйелдің өз баласын сатпақ болып, сатып алушыларды іздеумен айналысқанын анықтады. Ол делдал арқылы басқа облыстың 45 жастағы тұрғынын тапқан. Факт Қылмыстық кодекстің 135-бабы бойынша тіркелді, сотқа дейінгі тергеу басталды. Бала сәбилер үйіне орналастырылды. Күдікті қамауға алынды, – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.