Шымкентте қалалық №2 ауруханасының дәрігерлері жүрегі тоқтап қалған науқасты тірілтіп алды. Әкімдіктің мәліметінше, 22 сәуір күні түнгі сағат 00:10 шамасында жедел-жәрдем қызметімен 52 жастағы қала тұрғыны аса ауыр жағдайда медицина мекемесіне жеткізілген. Дәрігерлер науқасты бірден жансақтау бөліміне жатқызып, тексеру жұмыстарын жүргізген.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ауруханаға жетер жолда клиникалық өлімді бастап кешкен азаматшаның бұған дейін, яғни 2016 жылы инсульт алғаны анықталды. Қиындықтарға қарамастан дәрігерлер науқасқа дер кезінде көмекке келді. Дәрігерлердің ептілігі, әрі біліктілігінің арқасында ауыр халдегі жүрегі тоқтап қалған науқастың күретамыр тынысы кенет қайта соқты.
Өмірге қайта келгендей әсерде болған шымкенттік жерлесіміз екі күн бойы өмір мен өлім арасында арпалысқан ақ халатты абзал жандарға алғысын жаудырды. Пациент үшінші күні жансақтау бөлімінен кардиология бөлімшесіне ауыстырылды.
«Науқастың түскен кездегі жағдайы өте ауыр болды. Клиникалық өліммен жеткізілді. Түскен кезде алғашқы көмек көрсетіп, ИВЛ аппаратына қостық. Қазіргі жағдайы тұрақты, науқас кислородсыз өздігімен демалуда», –дейді реанимация бөлімінің меңгерушісі Ержан Шераліұлы.
Науқастың қазіргі жағдайы қалыпты. Толық емін алып болған соң отбасына оралатын болады.
Еске салсақ, бұған дейін шымкенттік дәрігерлер қатты күйік шалған 10 жасар балаға 19 рет операция жасап, аман алып қалған болатын. Бүгінде оқушының жағдайы жақсарып келеді. Алты айдан бері ауруханада жатқан бала теміржол төсенішінде ойнап жүріп, электр тогына қатты күйіп қалған. Бұл оқиға 2022 жылдың 9 қарашасында Шымкент қаласындағы теміржол вокзалының жанында болған еді. Бүгінгі таңда дәрігерлер ауыр жағдайда жеткізілген пациентке 13 рет теріні ауыстыру операциясын және 6 некрэктомия жасады.
Денесі толық күйіп қалған бала шамамен 3 ай қалалық балалар клиникалық ауруханасының реанимация бөлімшесінде болды және кейін палатаға ауыстырылды.
Шымкент қаласындағы балалар клиникалық ауруханасының комбустиолог дәрігері бұл жағдай туралы айтып берді.
“Пациент ауруханаға 2022 жылдың 9 қарашасында өте ауыр жағдайда түсті. Бала жағдайында күйік мөлшері үлкен, 65 пайыз болды. Біздің ауруханада жағдайы жақсарды”, – дейді ол.
Ауруханадағы білікті дәрігерлер баланың сауығып кетуі және оң нәтижелерге қол жеткізуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отыр.