Таиланд туризм басқармасының мәліметінше, енді 31 тамызға дейін қазақстандықтар 30 күн бойы визасыз жүре алады.
Бастапқыда Таиланд Корольдігімен жасалған келісімге сәйкес визасыз режим тек 29 ақпанға дейін деп бекітілген болатын.
“Таиландтың министрлер кабинеті Қазақстан азаматтарына 2024 жылғы жазғы маусымға туристік виза уақытының ұзартылғанын хабарлайды. Бұған дейінгі визасыз режим 2023 жылғы 25 қыркүйектен бастап 2024 жылғы 29 ақпанға дейін қолданыста болды. Қазақстандықтар 30 күннен аспайтын уақыт ішінде Таиланд Корольдігінің аумағына кіріп, сол елде бола алады. Ол үшін қазақстандық төлқұжат иелері Тай еліне “келгеннен кейін” туристік визаны рәсімдей алады. Жаңа өзгеріске байланысты визасыз режим 2024 жылғы 1 наурыз бен 31 тамыз аралығына дейін ұзартылды”, – делінген хабарламада.
Ведомствоның баспасөз қызметі бұл бастама туризмді дамытуға және Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға бағытталғанын атап өтті.