«Еуразия жүрегіне жол» халықаралық экспедициясы Қазақстандағы бағдарламасын Ақтөбе облысынан бастады. Экспедицияның мақсаты – еліміздің тарихи-мәдени мұрасы мен туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныту деп хабарлады ҚР Туризм және спорт министрлігі.
Бағдарламаның алғашқы күнінде қатысушылар Ақтөбе қаласында болып, өңірдің мәдениетімен, дәстүрімен танысты. Делегация құрамы Мартөк ауданындағы панто-емдік санаторийге барып, табиғи емдік ресурстар мен сауықтыру туризмі бағытындағы мүмкіндіктерге қанықты.
Келесі күні экспедицияның ресми ашылу рәсімі өтті. Қатысушылар этномәдени іс-шараларға қатысып, этноауыл экспозициясын аралады. Сондай-ақ киіз үйдің сәулетімен, салт-дәстүрмен, қолөнер бұйымдарымен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татты.
Бұдан бөлек экспедицияға қатысушылар үшін ұлттық спорт түрі – көкпардан көрсетілім ұйымдастырылып, Қазақстан халқы Ассамблеясының қатысуымен мәдени концерт өтті.
Айта кетейік, «Еуразия жүрегіне саяхат» халықаралық экспедициясы Мәскеу қаласынан басталған. Екі ай ішінде қатысушылар 8 мың шақырымнан аса жол жүріп, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріндегі 30 қалаға барады. Қазақстан аумағындағы маршрут елдің оңтүстігі мен батысындағы негізгі мәдени және туристік бағыттарды қамтиды. Олардың қатарында Арал, Байқоңыр, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз және Алматы қалалары бар.