Тасқын су Каспий мен Балқашқа жіберіледі дейді министрлік. Сондықтан, 14,5 шақырым қосымша арна қазылып жатыр. Ал қазіргі таңда, Каспий теңізіне шамамен 1 млрд текше метр тасқын су жіберілген. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева мәлімдеді.
«Жалпы, бұл арналар тәулігіне 12 млн текше метрге дейін су өткізе алады. Олардың әрқайсысында «Қазсушар» мамандары тазарту, нығайту және басқа да жұмыстар жүргізді. Мысалы, Соколок каналының бойында ұзындығы 14,5 шақырым қосымша арна қазылды, ол арқылы тасқын суы Каспийге жіберіледі», – деді Мөлдір Әбдуалиева.
Сонымен қатар, Балқаш көліне де су жіберу жұмысы жалғасуда. Көлге Қапшағай су қоймасынан шамамен 2,5 млрд текше метр жіберілді. Сондай-ақ, ведомство Ресейден келген 30 млн текше метр суды Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне де жіберіп жатыр. Соңғы жылдары кеуіп қалған Батыс Қазақстан облысының Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл және басқа да су айдындарына су жіберу жұмыстары басталған.