Кесте бойынша 10 энергоблок, 63 қазандық пен 39 турбина күрделі жөндеуден өтеді деп хабарлады энергетика вице-министрі.
Үкіметте Мемлекет басшысының өңірлік даму, су ресурстары және ирригация салаларына қатысты тапсырмаларын орындау, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысы туралы баспасөз конференциясы өтуде. Онда энергетика министрлігінің өкілі журналисттердің жылу маусымына дайындық туралы сұрағына жауап берді.
«Қысқа дайындық тұрақты жүріп жатыр. Жылу орталықтарының жүйелі оператор бекітетін кестесі бар. Біз 10 энергоблок, 63 қазандық пен 39 турбинаны күрделі жөндеуден өткіземіз. Қалған барлық құралдар ағымдағы жөндеуден міндетті түрде өтеді. Бүгінгі таңда 5 энергоблок, 30 қазандық, 18 турбина бойынша жұмыстар жүріп жатыр, ал қалған жартысында жұмыстар аяқталды. Жалпы жылу стансаларын жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес толық көлемде жүзеге асырылып келеді.
Ал жылу желілеріне келсек, ол жағынан да тиісті кестелер бар. Бірақ олар өңірлік кестелер. Біз мысалы стансаларды республикалық кестемен қарастыратын болсақ, желілерді жөндеу уақыты мен көлемін әр өңір өзі бекітеді. Оны біз Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Бақылау комитетімен бірге қадағалап отырмыз. Олар бірінші кезекте тарифтан бөлінетін қаражаттың есебінен, екінші кезекте Републикалық бюджеттен 2025 жылы 40 млрд-тай қаражат бөлінген, соның есебінен, және қосымша жөндеу кезінде анықталған тұстарға Үкімет резервінен бөлінетін тиісті қаражатар есебінен жүзеге асуда. Сондықтан мұндағы жұмыстар толық бақылауда. Барлық нысандар жылумен қамтамасыз етілетін болады»,- деді энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.