Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тұрғыны банктен 20 миллион теңге несие аламын деп алданып қалды. Оның айтуынша, өзінің танысы несие алып беремін деп алаяқтық жолмен 150 мың теңгесін алған. Келісілген уақытта хабар келмеген соң өзі сұрамақ болып қоңырау шалған. Алайда ешқандай жауап болмаған. Күте-күте шаршаған тұрғын полицияға жүгініпті.
«Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар жергілікті тұрғын ұсталды. Қазіргі таңда оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде» деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.
Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушінің сырттай танысы. 1 ай ішінде 20 миллион теңге несие алып беретінін айтып сендірген. Алайда пайдакүнемдік ниетпен алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап үлгерген. Ұсталған ер кісінің бұдан басқа 5 алаяқтық жайтына қатысы бары анықталған.