”Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ Басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин ОКҚ брифингінде 2025 жылға қарай барлық мемлекеттік қызметтер eGov mobile мобильді қосымшасында қолжетімді болуы тиіс деп мәлімдеді, деп хабарлайды Elitar.kz Kazpravda.kz-ке сілтеме жасай отырып.
“EGOV Mobile мобильді қосымшасы цифрландыру өнімдерінің бірі ретінде 2019 жылы іске қосылды. Бүгінгі таңда қазақстандықтар арасында үлкен сұранысқа ие. Мобильді қосымшаның пайда болуымен және оның функционалдығының кеңеюімен азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ компьютерден ғана емес, сонымен қатар барлығы дерлік пайдаланатын ұялы телефоннан да оңай және қарапайым қызметтерді алуға мүмкіндік алды”, – деп атап өтті Ростислав Коняшкин.
Жалпы, оның айтуынша, ҰАТ цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге мемлекеттік қызметтерді смартфондандыруға баса назар аударуда.
Бүгінде мобильді қосымшаның көмегімен ай сайын 1,2 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетіледі, ал 2022 жылы eGov mobile арқылы қазақстандықтар 11 млн-нан астам мемлекеттік қызмет алды.
ҰАТ басшысы атап өткендей, 2025 жылға қарай барлық мемлекеттік қызметтер eGov mobile-да қолжетімді болуы тиіс. Осы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 80%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.