Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары алаяқтың құрбаны болды. Жәбірленушілердің бірі полициядан көмек сұраған. Оның айтуынша, танысы Атырау қаласына «электромонтаж» лауазымына жұмысқа кіргізіп беремін деп уәде беріп, сеніміне кірген. Бірақ ол үшін күдікті жәбірленушінің жеке куәлігін сұратып, есепшот арқылы 200 мың теңге салып жіберу керектігін айтқан. Сарыағаш тұрғыны арада бірнеше ай өткен соң ғана алданғанын бір-ақ түсінген. Оның арызы Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің 5 алаяқтық фактісіне қатысы бары анықталған. Ол Ақтөбе қаласының тұрғыны, орта жастағы әйел болып шықты.
«Жауап алу барысында жәбірленушілер күдіктінің әлеуметтік желі арқылы ортақ чат ашып, ондағы азаматтардың барлығына «Атырау қаласына жұмысқа орналастырып беремін» деп жұмыссыз жүрген тұрғындарға үміт бергенін айтқан. Қазіргі уақытта алаяқтық жайттары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да алаяқтыққа қатысы бар-жоқтығын анықтауда» деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.