Алматыда үш қабатты зәулім үйде орналасқан жезөкшелер ордасы анықталды. Жеңіл жүрістілер қызмет көрсетіп келген үйде оқшауланған 11 бөлме бар. Одан өзге түнгі көбелектердің тағы екі орны анықталған.
«Түнгі сағат 11-де жезөкшелер ордасында екі әкімші мен жеңіл жүрісті бес қыз болды. Сырттан келгендер үшін бұл – сауықтыру массажын жасайтын орын, ал білетіндер үшін жезөкшелікпен айналысатын жезөкшелер үйі. Сол түні полицейлер ірі тұрғын үй кешенінің бірінде тағы екі жезөкшелер үйін анықтады. Екі пәтерде 12 әйел эротикалық қызмет көрсетіп келген. Ал олардың қызметін әкімші бақылап отырды. Айта кетейік, бұл пәтерлер қала тұрғынының дабылы бойынша анықталды. Тіпті олардың бірінде фейс-контрольдан өткізетін оққағары да бар», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жанат Нұрғалиев.
Ведомство мәліметінше, үш дерек бойынш жезөкшелікпен айналысуға тұрғын үйді берген үй-жайдың иелері анықталып, жауапқа тартылды.
Жеңіл жүрістілер үйінің қызметкерлері мен клиенттері жеке басын тексеру және шара қолдану үшін полицияға жеткізілген.