Астанада жеңіл көлік тұрғындар автобус күтіп тұрған аялдамаға соғылды. Оқиға бүгін, 29 қыркүйекте таңғы сағат 08.31-де болған.
Полиция хабарлауынша, «Mеrcedes-Benz» автокөлігі А.Байтұрсынұлы көшесімен Т.Жүргенов көшесіне қарай келе жатқан. Содан жолақ ауыстырар кезде өз бетімен кетіп бара жатқан «Mazda» көлігіне апат жағдайын туындатқан. Соның салдарынан «Mazda» көлігінің жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, аялдамаға соғылған. 8 адам зардап шекті. Олардың арасында 5 жасар қыз да бар.
Қазіргі таңда полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылардың мәліметінше, оқиға орнынан жедел жәрдем қызметімен №1 көпсалалы қалалық ауруханаға 7 адам жеткізілген. Кешенді тексеруден кейін 2 адам жарақаттар мен протездеу бөліміне жатқызылған. 5 науқас амбулаторлық емге жолданып, олар өздері тіркелген аурухананың бақылауында болады. Ал №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына 2018 жылы туған қыз бала жеткізілген. Оны бірнеше сала дәрігері қарап, рентгенографияға түсірген. Миға компьютерлік томография жасалған. Жарақаты гипспен таңылып, амбулаторлық емге жолданды.