Астанада ер кісі бірге тұратын әйелдің көлігін өртеп жіберді. Оған еркек пен әйелдің жанжалы себеп болыпты.
Полицияға қала тұрғыны Honda Logo автокөлігін бірге тұратын жігітінің өртеп жібергені туралы арызданған. Polisia.kz жазуынша, тергеу барысында оның 31 жастағы жігітінің қылмысқа қатысы бар екендігі анықталған. Жәбірленуші бірге тұратын ер азаматпен қатты ұрысып қалған. Жанжал кезінде жігіт пәтердегі жиһаздар мен техниканы бүлдірген. Орын алған жанжалдан кейін ол тынышталмай, Әл-Фараби көшесінде тұрған әйелдің көлігін өртеп жіберген. Осыдан кейін ер кісі бұл туралы көлік иесіне хабарлама жіберген. Әйел бірден полицияға жүгінді.
Аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 202-бабы (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті өз кінәсін мойындады.