Қазығұрт ауданында тұратын 2 ер адам оңай жомен пайда табуды көздеп, барымташылықты кәсіп еткен.
Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығын ашуға, күдіктілерді ұстауға бағытталған арнайы шаралар кешенін жүзеге асырып, ірі қараларды ұрлаумен айналысқан екі адамды ұстады.
Анықталғандай, күдіктілер қылмыстық әрекеттерді алдын-ала жоспарлап, жайылымдарда адамдардың жоқтығына көз жеткізіп жүрген. Содан малды “ГАЗель” көлігіне тиеп әкетіп отырған. Содан кейін ұрланған ірі қараларды Сайрам, Сарыағаш аудандары және Тараз қаласының мал базарларында сатқан. Мал ұрылары қылмыстық жолмен тапқан пайдаларын өзара бөліскен.
Полицейлер күдіктілердің Қазығұрт ауданында жасалған мал ұрлығының 8 фактісіне қатысы барын дәлелдеді. Заттай дәлелдемелер ретінде “ГАЗель” автокөлігі мен 3 бас үй жануары тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы “Мал ұрлығы” бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Олардың Түркістан облысының аумағында жасалған басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы анықталып жатыр.