Елімізде балабақша тәрбиешілеріне жалақы жаңа жүйемен төленетін болды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
«Бүгінгі таңда балабақшаларда бір тәрбиешіге 25 баладан келеді. Педагог пен бала арасындағы сапалы қарым-қатынастың, бір мұғалімге жүктелетін жүктеменің салдарынан әр балаға көбірек көңіл бөлу мүмкіндігі шектеулі. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтерін аттестаттау жүйесі жаңартылып, олардың жалақысы көтеріледі. Сондай-ақ, тәрбиешілердің жүктемесі азайтылады. Бұл мектепке дейінгі тәрбиешілерге балаларға көбірек көңіл бөлуге және дамыту мен оқыту іс-шараларының тиімділігін арттыруға көбірек мүмкіндік береді»,-деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Асхат Аймағамбетов өз сөзінде бүгінде бірнеше балабақшада пилоттық жоба жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді.
«Қазір бірнеше балабақшада пилоттық жоба жүргізіліп жатыр. Оның аясында тәрбиешілерге еңбекақы төлеу жүйесі сынақтан өтуде. Сонымен қатар, пилоттық жобаның қорытындысы бойынша мектепке дейінгі ұйым педагогтарының еңбекақысын арттыру бойынша есеп ұсынылады. Нормативтік құқықтық актілерге де өзгерістер енгізіледі», – деді ведомство басшысы.