Батыс Қазақстан облысында бір күнде екі жол апаты орын алып, екі адам мерт болды. Атап айтқанда, 4 желтоқсан күні түнгі уақытта «Тасқала-Атамекен» тасжолының 36-шақырымында «ВАЗ-21074» маркалы автокөлігін тізгіндеген ер кісі рөлге ие бола алмай аударылып қалған. Апат салдарынан 35 жастағы жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Дәл сол күні таңғы сағат 07.30 уақыт шамасында «Кирсаново-Уральск» тасжолында «Лада-2107» автокөлігін тізгіндеп келе жатқан 24 жастағы жүргузіші жол жүру ережелерін қамтамасыз етпей 59 жастағы жүргізушінің басқаруындағы «ГАЗ-53» маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан «Лада-2107» автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Ал көлік салонындағы 1998 жылғы жолаушы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер аталған фактілерге сәйкес Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі (Жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.