Бір күнде үш ұлының шаңырақ көтеру тойын өткізгендер желі қолданушыларын таң қалдырды. Оның видеосын үйдің үлкен келіні ТікТок парақшасына жариялады.
«Сіз мұндай той көрмегенсіз. Бір үйдің үш келіні. Ең үлкені мен… Ештен кеш жақсы» деп жазды автор.
Бейнежазбадан қалыңдық көйлегін киген үш келін мен күйеулері тойхана залына кіріп келген сәтін көруге болады. Видео авторының мәліметінше, қалыңдықтың үшеуі шаңыраққа бір күнде келін боп түспеген. Мәселен, абысындардың үлкені босаға аттағанына 8 жыл өтсе, ортаңғысы келін атанғанына 6 жыл болыпты. Ал кенжесінің келін болғанына 2 жыл өткен.
Ерекше тойды көрген желі қолданушылары мұндай шешім қабылдаған әулеттің үлкендерін сынның астына алды. Ал енді бірі жақсылықтың ерте-кеші жоқ екенін алға тартып, ерлі-зайыптыларға бақыт тіледі.
«Әрбір қыз ақ көйлек киюді армандайды», «Үшінші ұлы той жасаймын деген соң ата-енесі екі келіннің көңілін ойлаған шығар бәлкім», «Біз де үш келінбіз. Үшеумізге де той жасамады. Мына видеоны енеме жіберсем бе екен?!», «Өміріңде бір-ақ рет болатын тойдың быт-шытын шығарып, жаман шығар. Ата-енеңіз расымен үнемшіл-ау, ұят екен», «8 бен 6 жыл деген ұят екен. Тойды уақытында жасаған дұрыс қой», «Қаншама жыл өтіп кеткен соң мұндай той жасаудың мәні жоқ», «Мынау артық енді, әрнәрсе өз уақытында болу керек», «Ештен кеш жақсы деген бар», «Қандай күшті, бақытты болыңыздар» деп жазды желі қолданушылары.