Алматыда жас қыз алаяқтың құрбаны болды. Жәбірленушінің айтуынша, көшеде белгісіз әйел оған жақындап, оның бойында өте ауыр дуа бар екенін айтқан. Онымен қоймай әкесі ауырып қалатынына сендіріп, дереу арнайы рәсім жасау арқылы дуаны алып тастау керектігін алға тартқан. Қыз ойланбастан үйіне барып, бар алтын бұйымдарын жинап, бейтаныс әйелге берген. Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметіше, жедел-іздестіру іс-шарасы барысында күдікті қамауға алынды. Алтын бұйымдар айғақты зат ретінде тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Келтірілген шығын көлемі шамамен 250 мың теңгені құрады.
Қазіргі уақытта тергеушілер 1988 жылы дүниеге келген күдікті әйелдің бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда. Айта кетейік, ұсталған азаматша бұған дейін сотты болған екен.