Алматы облысы Талғар қаласындағы колледж ғимаратында жарылғыш зат бар деп жалған терроризм актісі туралы хабарлаған жасөспірімнің ата-анасы 15 миллионнан астам айыппұл төлеуі мүмкін.
Еске салсақ, 30 қарашасында полицияның кезекші бөліміне колледждердің бірінде терроризм актісі орын алатыны жайында ақпарат келіп түскен. Оқиға орнына саперлер, кинологтар және басқа да мамандар шақырылып, барлық ғимарат тексерілді. Ақпарат расталмады. Бұл факт Қылмыстық кодекстің 273-бабы “Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама” бойынша тіркелген болатын.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру жұмыстары барысында күдіктінің жеке басы анықталды. Ол аталған білім ордасында оқитын кәмелетке толмаған жергілікті тұрғын болып шықты.
Қазіргі уақытта тергеушілер жасөспірімнің заңды өкілдері және психологтардың қатысуымен барлық қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуде.
Айта кетейік, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағандарға бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл (3062Х5000= 15 млн 315 мың теңге) салынады. Немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары түріндегі, сондай-ақ бес жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.