Астанада түн ортасында дүкенге ұрлыққа түскен жас жігіттің әрекеті видеоға түсіп қалды. 21 жасар тұрғын сағат 04.00 мен 04.30 аралығында Тілендиев даңғылындағы дүкенге ұрлыққа түскен. Ашық қалған терезені байқаған ұры сол арқылы сауда залына кірген. Жігіт кассаны бұзып ашып, 410 мың теңгені жасырын ұрлап әкеткен. Көп ұзамай күдікті ұсталды.
Сотқа дейінгі тергеу барысында тәртіп сақшылары күдіктінің сыра барында жасалған ұрлыққа да қатысы бар екенін анықтады. Аталған мекемеге клиент кейпінде келген жігіт “Хуавей” маркалы қызметтік ұялы телефонды ұрлап кеткен.
«Ұсталған азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті өз кінәсін мойындады. Оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде» деп атап өтті Астана қалалық Полиция департаментіндегілер.