Жамбылдық полицейлер алғашқы дозадан-ақ тәуелділікке әкеп соғатын есірткінің ең ауыр түрлерінің бірі – героин сатумен айналысқан күдіктіні ұстаған сәттің видеосын жариялады.
Күдікті ұзақ уақыт бойы облыс орталығының аумағында аса ірі мөлшерде “героин” есірткі затын өткізумен айналысқан.
Оның тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу барысында үйінен жалпы салмағы 10 грамм “героин” табылған.
Күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
«Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша (Есірткі заттарын өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Осы қылмысқа қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтауға бағытталған бірқатар тергеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған бапқа сәйкес күдікті 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.