Оралда жергілікті кәсіпкер Еркін Мұханғалиевті өлтірген күдіктілердің ісі сотта қаралды. Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған Руслан Қожантаев пен Тұрлан Амангелді қалалық тергеу сотының санкциясымен екі айға қамауға алынды.
Қанды оқиға 6 тамызда орын алған. Бизнесменнің мәйіті стадион автотұрағынан табылды. Әлеуметтік желілерде кәсіпкердің қалай өлген сәтінің видеосы тарады. Онда марқұм Еркін Мұханғалиев дәмханада екі күдіктімен сөйлесіп отырады. Кенеттен жанжал болып, жігіттердің бірі оның мойнына пышақ сұғып алады. Ауыр жарақат алған кәсіпкердің мойнынан қан атқылап, ол терезеден шығып, қашуға әрекеттенеді. Бірақ күдіктілер оны артынан қуып, көшенің қақ ортасында бірнеше рет пышақтайды. Кәсіпкер оқиға орнында көз жұмды. Марқұм 48 жаста болған, мейрамхана бизнесімен айналысқан.
8 тамыз күні сағат 10:30 шамасында 1991 және 2001 жылы туған күдіктілер “Көктем” саяжай учаскесінде ұсталды. Олардың үстінен ҚК-тің 99 бабы бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.