Павлодар облысындағы ауыл маңында ер кісінің 12 жасар баланы балағаттап, ұрып-соққан сәтінің видеосы пайда болды. Бейнежазбаны @mypavlodar паблигі жариялады. Ондағы мәліметке сенсек, жасөспірім балаға қол көтерген азамат Қашыр ауданындағы мәдениет үйінің директоры. Оқиға 8 қазанда болған.
Видеодан бірнеше жасөспірімдердің ауыл шетінде отырғанын байқауға болады. Осы кезде велосипед мінген ер кісі олардың қасына жақындайды. Келе салып, ер баланы бірден соққының астына алады. Тіпті балағаттап, намысына тиетін сөздер айтқанын естуге болады. Директордың сөзіне сенсек, жасөспірім өзге балаларды бір-бірімен шақыстырып, төбелестірген көрінеді. Ал оқушы болса, түк қатысы жоқтығын айтады.
Облыстық Полиция департаментіндегілер аталған фактіге қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіп, ер кісіні анықтаған.
«8 қазан сағат 14.00 шамасында Тереңкөл ауданы Тілеубай ауылында 44 жастағы ер адамның 12-дегі баланы балағаттап, ұрып-соққаны анықталды. Іс бойынша сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша баланың жарақаты денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені белгілі болды. Осыған байланысты ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК 73-1-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. 20 қазанда материал сотта қаралатын болады», – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство дерегінше, бұл оқиға жасөспірім мен ер адамның арасындағы келіспеушіліктен туған көрінеді. 9 қазанда зардап шеккен оқушының заңды өкілі полицияға арыз жазған.