Сарыағаш ауданында ер кісі көшеде жалғыз өзі кетіп бара жатқан 13 жасар қызды зорламақ болды. Оқиға Дарбаза ауылында кешкі уақытта орын алған.
Түркістан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, мектеп оқушысын ауыл әкімінің орынбасары құтқарып қалған. Ал арам пиғылын іске асырмақ болған қаскөйді соңынан қуып жетіп, полицейлерге ұстап берген.
Жасөспірім қыз отбасымен бірге кешкі серуенге шыққан. Содан қайтар сәтте оқушы үйіне ертерек бармақшы болып, ата-анасынан бұрын кетіп қалған. Белгісіз ер кісі көшеде жалғыз өзі кетіп бара жатқан қыздың соңына түсіп, шашынан тартып, шетке қарай алып шыққан екен. Қаскөй қызды шапалақпен ұрып, жерге құлатады. Арам ойлы адамның қолына түскенін сезген қыз бірден айқайға басады. Ал күдікті оның аузын жауып, қылқындырып, барынша өз дегеніне жетуге тырысыпты. Осы кезде екі адамның арпалысып жатқанын көрген тұрғын көмекке келген. Ол – осы ауылдық округ әкімінің орынбасары Сүйіндік Сейітжаппарұлы.
«Кешкісін жұбайым екеуміз кетіп бара жатып, көше маңынан екі адамның ұрысып-төбелесіп жатқандай әрекетін көрдім. Біріне көмек қажеттей сезілді. Бірден оқиға болып жатқан жаққа жүгірдім, алайда күдікті мені көрді де қашуға әрекеттенді. Бірақ оның жас қызға тиіспекші болғанын білгеннен кейін, ештеңеге қарамай соңынан қудым. Артынан қуып, ақыры ұстадым. Полиция шақырып, оны тапсырдық», – деді жас қызды құтқарып қалған шенеунік.
Бүгін Түркістан облыстық Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков жасөспірім қызды зорламақшы болған тұрғынды ұстап, күдіктіні полицияға тапсырған ауыл әкімінің орынбасары Сүйіндік Сейітжаппарұлына алғыс айтты.
Ұсталған күдікті бүгінде қамауда. Оның үстінен екі бап бойынша іс қозғалған.
«Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлімі «Зорлау» 24-бабы 3-бөлігі «Қылмысқа дайындалу және оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады» деп мәлімдеді Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер.