Түркістан облысы Сарыағаш ауданында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жезөкшелікпен айналысу үшін жеңгетайлық пен притон ұйымдастырудың екі дерегін анықтап, жолын кесті.
Жедел уәкілдер іздестіру іс-шаралары кезінде интимдік қызметтерді ұсынғаны үшін ақша алған сауна, хостел әкімшілерін ұстады. Тергеу барысында Қазақстан мен Өзбекстанның 5 азаматынан құралған екі қылмыстық топ, яғни жеңіл жүрісті қыздарды жинап, жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастырғаны анықталды.
Сауна мен қонақ үйлерді тексеру кезінде ақшалай сыйақы үшін өздерінің интимдік қызметтерін ұсынған жеңіл жүрісті 26 қыз полицияға бөліміне жеткізілді. Олардың барлығы Өзбекстан елінің азаматшалары.
«Қазіргі уақытта аталған жайт Қылмыстық кодекстің 309-бабы (Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық) бойынша тіркелді. Қолма-қол ақша және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда»,-деді облыстық Полиция департаментіндегілер.