Шығыс Қазақстан облысында 10 қазан күні түнгі уақытта қызмет бабында жүрген полиция инспекторы көз жұмды. Оқиға Ұлан ауданындағы «Алматы-Өскемен» тас жолында орын алған.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ретінде марқұмның серіктесі қамауға алынды.
«Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. 36 жастағы күдікті – марқұмның серіктесі. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға орнына облыс прокуроры, Полиция департаментінің бастығы, Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы, сондай-ақ ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің өкілі барды» делінген облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінде.
Қылмыстық істі тергеу ІІМ-нің ерекше бақылауына алынды.