Шымкент қаласының әкімі дарынды балаларға өз алғысын білдірді. Айта кетейік, бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай шаһарда жас өрендер мен балғындарға мерекелік көңіл күй сыйлау үшін бірқатар салтанатты шаралар шеруі өтуде.
Қала басшысы Мұрат Әйтенов қосымша білім беру ұйымдарындағы өнертапқыш оқушылардың көрмесін аралады.
«1 маусым – Халықаралық балалалар күні» мерекесіне орай қосымша білім беру ұйымдарындағы өнертапқыш оқушылардың көрмесін тамашалап, дарынды шәкірттердің жетістіктеріне алғысымды білдірдім. Көрмеге қала аумағындағы 19 қосымша білім беру мекемесі қатысып, өз жетістіктерін көрсетті. Мемлекеттің қолдауымен балаларға тегін қосымша білім беріп отырған ұйымдар жас буынның бос уақытын тиімді ұйымдастырып, түрлі салаларға баулуда» деп жазды Шымкент әкімі Instagram парақшасында.
Балалар күніне орай шаһар басшысы “Денсаулық” спорт кешенінде жүзу маусымы мен жүзуден жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирінің ашылу салтанатына да қатысты.
Жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибесін арттыратын республикалық турнирге еліміздің әр өңірінен 400–ге жуық спортшыдан құралған 13 команда қатысып отыр.
Бүгінде қаламызда 1000-нан аса спортшы кәсіби түрде жүзу спортымен шұғылданады.
«Күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талапқа сай жабдықталған жүзу бассейні мегаполисте бұқаралық спорттың дамуына, сондай-ақ жүзуге қатысатын жас жеткіншектер қатарының артуына ықпал ететін болады» деп атап өтті Мұрат Әйтенов.
Биылғы оқу жылы балалар үшін жақсы жетістіктермен, жағымды жаңалықтармен аяқталғанын атап өту керек. Жазғы демалыс кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін қалада 237 жазғы сауықтыру лагері жұмысын бастамақ. Жазғы демалыс айларында 155 мыңға жуық шымкенттік оқушы лагерьде демалады. Оның 16 мыңнан астамы қала сыртындағы демалыс орындарына, қалғаны мектеп жанындағы лагерьлерге барады деп жоспарланып отыр.
Бұдан өзге бүгін қаламызда 12 мыңға жуық бала мектеп бітірді. Олардың 90%-дан астамы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдіруде. Биылғы жылы 2 618 түлек “Алтын белгі” мен “Үздік аттестатқа” үміткер болса, 600-ден астам оқушы халықаралық және республикалық білім, өнер, спорт сайыстарында топ жарды.