Инженерлік-инфрақұрылым, жол, жерді заңдастыру. Абай ауданы тұрғындарымен өткен 6 айлық есепті кездесуінде Ынтымақ-2 шағынауданының тұрғындары Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке осы мәселелерді айтқан болатын. Бүгін шаһар басшысы аталған шағын ауданға барып, тұрғындармен кездесіп, олардың мәселелерін өз көзімен көрді.
Шағын аудан өткен жылы электр жарығы және ауыз сумен қамтылды. Табиғи газ бойынша ЖСҚ әзірленуде, құрылыс жұмыстары келер жылға жоспарланған. Интернетпен қамтуда базалық станция орнатылуда, жыл соңында пайдалануға берілмек. 10 көшенің екеуі жарықтандырылған. Осы жылы 1 көше, келесі жылы 2 көшені жарықтандыру жоспарға енген.
Биыл емханаға баратын ұзындығы 1 шақырым жолға асфальтбетон төселді. Кешенді жоспарға сәйкес 2023 жылы жалпы ұзындығы 6,4 шақырымды құрайтын Қайыңды, Дарабоз, Қапланбек, Таң нұры, Кеңістік және Имантау көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Шағын ауданға №55, №19, №138, №66, №146 автобустары қатынауда. Барлық қоғамдық көліктер шағын ауданды толық қамтып, орталық көшелерінде кестеге сәйкес қызмет көрсетуде.
Тұрғындар сауалдарына жауап берген қала әкімі, негізгі мәселелердің шешімі мен мерзімін жеке-жеке түсіндіріп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді. Жерді заңдастыру бойынша арнайы комиссия құрылып, әрбіріне жеке тоқталатыны түсіндірілді.
Айта кетейік, биылғы жылдан бастап Президент Жарлығына сәйкес әкімдердің халықпен кездесуі жаңа форматқа көшті. Осыған сәйкес қала әкімі тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізуде. Осы ретте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізді. Тұрғындардан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалды, 316-ы жыл соңына дейін орындалуы жоспарда. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген. Сонымен қатар, әрбір ауданнан қоғамдық бақылау кеңестері құрылып, әр сенбі сайын тапсырмалардың орындалуы талқыланып келді.