Шымкентте жолаушы тасымалдап, нәпақа тауып жүрген такси жүргізушісі ұялы телефонын ұрлатып алды. Сонымен қатар ол мобильді банкингтегі бар ақшасынан айырылды.
Ұялы телефоны мен ақшасы қолды болғанын байқаған таксист дереу полицияға хабарлаған. Белгілі болғандай, жолаушы ер адам таксиді таңғы 5-те шақырған. Ескі танысы болып шыққан жүргізушімен ол жол бойы бұрынғы кездерді еске алып, әңгіме-дүкен құрған. Жолаушыны белгіленген жеріне апарып тастаған таксист біраз уақыт өте ұялы телефонының жоқтығын байқап, полицияға шағымданған.
Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдікті қала аумағында ұсталды. Ол смартфондағы онлайн-банкингтен бар ақшаны алып, құмар ойынға тігіп жіберген. Өзгенің 217 мың теңге қаражатын ұтылған тұрғын ары қарай дүкенге барып, сол банк қосымшасы арқылы бөліп-төлеуге тауар сатып алған. Кейін құны 300 мың теңге тұратын гаджетті кездейсоқ сатып алушыға 20 мыңға сатып жіберген.
«Полицейлер тергеп-тексеру барысында жайтқа қатысты барлық дәлелдемелерді жинап, қылмыстық істі сотқа жолдады. Айыпталушы ҚК-тің 188-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 1,5 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза қолданылды» деп хабарлады полициядан.