Шымкент әуежайындағы желілік полиция бөлімшесіне Air Astana әуекомпаниясының 22 жастағы өкілі Шымкент-Алматы бағытындағы рейс жолаушысына қатысты шара қабылдау туралы шағымданған.
Арызданушының айтуынша, жолаушы әйел рейстің кешігуіне және ауысуына байланысты өзін дөрекі ұстап, балағат сөздер айтқан.
Мән-жайды анықтау барысында көлік полицейлері Шымкент қаласының 43 жастағы тұрғынын анықтады. Ол жанжал кезінде супервайзердің оң қолының білегінің жұмсақ тіндерінің көгеруі түріндегі дене жарақатын келтірген.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, құқықбұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) және ҚР ӘҚБтК 73-1-бабының 1-бөлігі (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілік істер шешім қабылдау үшін Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.
Естеріңізге сала кетейік, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 15 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға, ал ұсақ бұзақылық 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.