Шымкентте есірткі қабылдап, көлікке отырған жүргізуші сотталды. Ол жол апатын жасап, салдарынан үш адам мерт болған.
Оқиға өткен жылдың көктемінде Алматы-Ташкент-Термез тас жолында орын алған. Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі есірткіге масаң күйде белгіленген жылдамдықты асырып, тыйым салынған бағдаршамға мән бермей көлік басқарған. Әл-Фараби көшесінің қиылысына дейін барып, Hyundai Starex көлігімен соқтығысқан. Соққыдан Альфард қарсы жолаққа шығып кетіп, Daewoo Gentra көлігін соққан.
Hyundai Starex көлігінің 57 жастағы жүргізушісі мен оның жолаушылары 65 жастағы зейнеткер және 35 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды.
Аталған факт Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігімен тіркелді. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қылмыстық іс материалдарын айыптау актісімен бірге сотқа жолдады.
Сот үкімімен жүргізуші 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.