Шымкентте алаяқтық жолмен алған ақшасын құмар ойынға тігіп жіберген әйел сотталды.
Полиция хабарлауынша, жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғанын айтып шағымданған. Ол интернеттегі ақшаңызды 10 күнде 50%-ға көбейтіп беремін деген жылтыр жарнамаға сеніп қалған.
Жәбірленуші алған ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізу мақсатында қала аумағында бейтаныс келіншекпен кездескен. Ол берген ақшасын он күн ішінде көбейтіп беретініне сендіріп, өзінің банктік есеп шотына 1 290 000 теңге аударым жасатқан. Алайда уәде етілген мерзім өткен соң күдікті ұялы телефонға жауап бермей, із-түссіз жоғалғанда ғана әйел алаяққа алданғанын түсінген.
“Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Түркістан облысының 27 жастағы тумасы болып шықты. Тергеу барысында күдіктінің бұған дейін осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болғаны анықталды. Сондай-ақ, алаяқтық жолмен иемденген қаржысын құмар ойынға тігіп, ұтылып қалғаны белгілі болды” делінген полиция мәліметінде.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындап, жәбірленушіге келтірілген шығынды толық өтегенін жеткізді. Сот оған 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.