Шымкентте дәмханаға тамақтануға келген 34 жастағы ер кісіні белгісіз біреулер атып кетті. 7 қазан сағат 04:30 шамасында Әл-Фараби аудандық ПБ-на қалалық ауруханаға оқ жарақатымен ер адам жеткізілгені туралы хабарлама келіп түскен.
Аталған жайт ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі 99-бабы “Адам өлтіруге оқталу” бойынша СДТТБТ-не тіркелді. Бұл туралы ІІМ-нің Telegram-каналы жазды.
Тергеу барысында кафелердің бірінде белгісіз тұлғалар қарудан оқ атып, келушіні жарақаттап, оқиға орнынан бой тасалағаны анықталды. Жараланған ер азамат жансақтау бөлімінде. Қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар науқастың жағдайы ауыр екенін айтты. Ол аш ішек пен тоқ ішек, қуықтың сол жақ сан артериясының жарақатын алып, үлкен дәржеде қан жоғалтқан. Оған өте күрделі операция жасалынған.
«Жедел-іздестіру шараларының барысында ВАЗ-21014 автокөлігі анықталып, оның салонында екі қару табылды. Қазіргі уақытта күдіктілерді ұстау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Іс қалалық прокуратура мен полиция департаменті бастығының жеке бақылауына алынды» делінген ІІМ мәліметінде.
Белгілі журналист Михаил Козачковтың Telegram-каналында жазуынша, оқ жарақатын алған ер кісі қылмыс әлемінде «Банзай» лақап атымен танымал Александр Кущев.