Шымкентте тұрғындардың тыныштығын бұзған күйеу жігіт жауапқа тартылды.
Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында полицейлер тікелей эфирде той кортежіне қатысушылар тарапынан құқық бұзушылықтар орын алып жатқан бейнежазбаны анықтаған. Дереу оқиға орнына Еңбекші ауданының тәртіп сақшылары жеткен. Белгілі болғандай, жергілікті тұрғын үйлену мақсатында қыз ұзатып алып келген. Туыстарымен қуанышты тойлау үшін жиналып және пиротехниканы қолданып отшашу атқан.
“Тұрғындардың тыныштығын бұзғаны үшін күйеу жігітке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабы 2-бөлігі (Пиротехникалық бұйымдарды елдi мекендерде қолданып, жеке тұлғалардың тыныштығын бұзу) бойынша хаттама толтырылды” деп хабарлады полициядан.
Бұдан өзге бейнежазбада көрсетілген «ВАЗ приора» маркалы автокөлігінің жүргізушісі анықталды. Ол арнайы сигналды маяктарды (стропаскоп) қолданғаны үшін Әкімшілік кодекстің 603-бабы 1-бөлігімен жауапқа тартылды.