Шымкентте массажист боп нәпақа тауып жүрген әйелді клиенті тонап кетті. Полицияның «102» арнасына жәбірленушінің өзі хабарласқан.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жетті. Белгілі болғандай, жәбірленушіге хабарландыру сайты арқылы ер адам хабарласып, массажист қызметіне тапсырыс берген. Ол массаж бөлмесіне келіп, әйелге бірден шабуыл жасаған. Оны қорқытып, өзінің шотына 21 мың теңге көлемінде ақша аудартып, ізін суытқан.
Аталған жайтты ҚК-тің 191- бабы 2-бөлігі (Жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолданып не осындай күш қолдану қатерін төндіру) тіркелді.
Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жедел уәкілдер күдіктіні тәулік ішінде қала көшелерінің бірінен ұстады. Ол бұрын алаяқтық және ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған 35 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ер адам қамауға алынды.