Алаяқтың құрбандары «OLX» сайтында өздерінің пайдаланылған ноутбуктері мен үстелдік компьютерлерін сату туралы хабарландыру жариялаған жергілікті тұрғындар болып шықты. Жәбірленушілер Тұран аудандық ПБ-на бір адамға қатысты арызданған.
24 жастағы тұтынушы тауарды сатып алу кезінде мүлік иесін келесі күні ақшалай аударым жасаймын деп сендірген. Сондай-ақ, қаскүнем өзінің жеке құжаттарын жіберген соң сатушыларда күмән болмаған.
Уәде етілген күні қала тұрғындарына жас жігіттен ешқандай ақша түспегендіктен олар полицияға арызданған. Бес жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 2 миллион теңгеден асады.
Полиция департаментінің хабарлауынша, жәбірленушілердің арызы бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабымен (Бірнеше рет жасалған алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Белгілі болғандай, ол компьютерлік техникаларды ломбардқа өткізіп, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап үлгерген.
Қазіргі таңда күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.