Көлік полицейлері халықаралық әуе рейсінің жолаушысынан діни мазмұндағы 63 кітапты тәркіледі. Яғни, Шымкент қаласының әуежайында «Стамбул-Шымкент» бағытындағы рейс ұшып келгеннен кейін жүктерді тексеру барысында Түркістан облысының 55 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол діни мазмұндағы кітаптарды алып өтпек болған.
«Көлік полицейлері ер адамға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 490-бабы 1-бөлігі 3-тармағы (Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығаруға және (немесе) таратуға белгіленген талаптарды бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырып, сотқа жолдады. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды және оған 50 АЕК (153 150 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды» деп атап өтті Көліктегі полиция департаментіндегілер.