Әлеуметтік желіде полиция қызметкерлерінің екі жас қызды қызметтік көлікке отырғызып алған сәтінің видеосы пайда болды. Бейнежазбаны желіге жүктеген автордың мәліметінше, видео Шымкенттегі Бәйдібек би ескірткіші орнатылған демалыс аумағында түсірілген.
«Түнгі көбелектер ме, әлде мен дұрыс түсінбедім бе?» деп жазды автор.
Шымкент полициясы аталған видеоға қатысты түсінік берді. Бұл жайт 22 тамызда кешкі уақытта болған. Әкімшілік аумақта қызмет атқару кезінде Тұран аудандық ПБ патрульдік полиция полкінің автоэкипаж инспекторларынан екі қыз көмек сұраған екен. Қыздар саябақта белгісіз ер адамдар оларға тиіскенін хабарлап, ауызша арызданыпты.
«Арызданушылармен бірге жақын маңдағы аумақтарды аралаған тәртіп сақшылары құқық бұзушыларды таппай, қыздардың өтініші бойынша оларды қауіпсіз жерге түсіріп кеткен. Полиция әлеуметтік желі қолданушыларынан жалған ақпарат таратпауды сұрайды» деп атап өтті ведомстводағылар.