Түркістан қаласында дәріханалардың бірінде жұмыс істейтін бойжеткен қас-қағым сәтте ұялы телефонынан айырылып қалды. Ол дереу полицияға арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, жұмыс орнында белгісіз адам оның «Айфон 13» маркалы ұялы телефонын ұрлап кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 450 000 теңге.
Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді.
«Жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде бейнебақылау камерасының көмегімен күдікті тәулік ішінде анықталды. Ол жергілікті тұрғын, ер азамат болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде» деп хабарлады Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, күдікті дәрі алу мақсатында дәріханаға келген. Содан соң қараусыз тұрған ұялы телефонға көзі түсіп, оңай жолмен ақша табуды көздеген. Жанында адамдардың жоқтығын пайдаланған ол білдіртпестен телефонды алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Күдіктіден қолды болған ұялы телефон айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды.