Түркістан облысында полицейлер “Қорғау” бағдарламасының көмегімен төленбеген 6,6 миллион теңгеден астам берешегі бар жүргізушіні анықтады. Бұл туралы Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев брифинг кезінде мәлімдеді.
Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысының патрульдік полиция батальон қызметкерлерінің планшеттеріне “Қорғау-қауіпті жүргізуші” мобильдік бағдарламасы арқылы төленбеген айыппұлдары бар “Фольксваген Пассат” маркалы автокөлік туралы ақпарат берілді. Тәртіп сақшылары ақпарат бойынша бірден іске кірісіп, аталмыш көліктің жүрген жерін анықтап, оны «Шымкент-Самара» тас жолында тоқтатты. Тексеру кезінде бұл автокөліктің сот орындаушысының қаулысына сәйкес жалпы сомасы 6,6 миллион теңге төленбеген айыппұлдар бойынша берешегі бары анықталды. Жүргізушінің әкімшілік айыппұлдарының 80 пайызы жылдамдық режимін бұзумен байланысты.
“Тәртіп сақшылары “Фольксваген Пассат” автокөлігін айыптұраққа қойып, жүргізушімен берешекті уақытылы төлеу қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді” делінген полиция мәліметінде.