Түркістан облысы, Созақ ауданында жергілікті тұрғын қолма-қол несие аламын деп алаяқтың құрбаны болды. Жәбірленушінің айтуынша, таныс әйел несие шығарып беретінін айтып уәде еткен. Оның сөзіне сенген тұрғын танысына құжатын берген. Бірақ ол несие шықпағанын айтып, алдап соғыпты. Ал өзі қаржыны қалтасына басқан. Жәбірленушіге келтірілген шығын – 500 мың теңге.
Ер кісіге 1 айдан соң банк қызметкері хабарласып, несиені төлеу керектігін айтқан. Төбесіне жай түскендей болған тұрғын дереу полицияға арызданыпты.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Жедел-тергеу тобы құрылып, күдіктінің анықталды. Ол жұмыссыз әйел, жергілікі тұрғын болып шықты. Күдікті алаяқтық жолмен тапқан ақшасын құмар ойындарға жұмсап жіберген. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде»,-деді облыстық Полиция департаментіндегілер.