Бүгін еліміз бойынша тамызда өтетін ҰБТ басталды. Тест тапсыру 15 тамызға дейін жалғасады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, тестілеуге қатысу үшін 17 мыңнан астам өтініш қабылданды. ҰБТ-ға қатысушылардың 66%-ға жуығы қазақ тілінде, 34%-ы орыс тілінде, 53 адам ағылшын тілінде тест тапсыруға ниет білдірген.
Тамыздағы ҰБТ белгіленген шекті балл жинай алмаған, бейінді пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін ҰБТ нәтижелері бар, ҰБТ нәтижелері жойылған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу мүмкіндігі болуы үшін өткізіледі. Тіркелу кезінде тестіленушілер емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдаған.
Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.