Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратураның көмегімен ағымдағы жылдың 20 қарашасында жаппай тәртіпсіздіктерді жоспарлап, ұйымдастырмақшы болған қылмыстық топтың жолын кесті. Арнайы операция кезінде 7 адам ұсталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұсталғандарға қатысты Қылмыстық кодекстің 179-бабының 2-бөлігі және 272-бабының 1-бөлігі бойынша тергеу басталды. Күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша заттай дәлелдемелер тәркіленді.
«Прокуратура санкциясымен олардың жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының әкімшілік ғимараттарына, тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріне қару мен тұтандырғыш қоспаларды қолдану арқылы шабуыл жасауға дайындалғандары құжатталған. Топтың әрбір мүшесінің рөлі нақты бөлінген, қылмыстық жоспарлар жасырын шараларын сақтай отырып, тұрақты кездесулер барысында талқыланған» делінген ведомство мәліметінде.
Топ мүшелері «бөтелке лақтырғыш» деп аталатын жабдықтар жасап, олардың көмегімен «Молотов коктейльдерін» лақтыра отырып құқық қорғау органдары қызметкерлеріне физикалық күш көрсетуді жоспарлаған.
Жасырын орындар ұйымдастырып, оған қылмыс жасауға арналған құралдар – Калашников автоматы, ойық ұңғылы «Меркель» мылтығы, екі тегіс ұңғылы кесілген мылтық, оқ-дәрілер, «Молотов коктейльдеріне» арналған сұйықтықтығы бөтелкелер, «бөтелке лақтырғыштар», бензин құйылған канистралар, рациялар сақтаған.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.