Самарқандтық жас бизнесмен Ұстаздар мерекесі қарсаңында мектепте білім берген мұғаліміне тосын сый жасады. Кәсіпкер мемлекеттік тіл және әдебиет пәнінен сабақ берген ұстазына су жаңа 2 бөлмелі пәтер кілтін тарту етті.
Podrobno.uz жазуынша, № 1 жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімі Умида Муминоваға кезінде білім алған оқушысы, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған азамат ұстазына деген құрметін осылай көрсеткісі келген көрінеді. Екі бөлмелі пәтер ішінде барлық тұрмыстық техника мен жиһазы бар.
«Мұғаліміміз бар ынтасымен бізге сабақ берді. Бүгін осылай жүргенім сол ұстазымның арқасында деп ойлаймын. Барлық педагогтарға алғысымды айтамын. Олар зор құрметке лайық»,-деді өз есімін жария еткісі келмеген бизнесмен.
Айта кетейік, ұстазына ерекше сый жасаған ер азамат тұрғын үй салу және сату ісімен айналысады екен. Ол алдағы уақытта ұстаздар қауымына арнап жеңілдетілген бағамен үй салуды көздеп отыр.